bag2 icon Сіздің тапсырысыңыз
Барлығы
0 ₸

* Кез келген ыңғайлы уақытта және жерге барамыз!<br>Бару мерзімі қысқа. Қызмет құны 1 500₸-ден бастап

close2 icon

г. Алматы Almaty, Aksai-5 microdistrict, 12a

Almaty, GC Darkhan-2 territory, 29 Almaty, Abay Avenue, 61 Almaty, Zharokov St., 154
EN call icon

Жария шарт

«БЕКІТІЛГЕН»
«КазМед» ЖШС директорының
2026 жылғы 28 сәуірдегі №16 бұйрығымен

«Паразитология КазМед» ЖШС директорының
2026 жылғы 28 сәуірдегі № 5 бұйрығымен

Ақылы медициналық қызметтер мен зертханалық зерттеулерді көрсетуге
ЖАРИЯ ШАРТ

Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 387-бабының нормаларына сай Ақылы медициналық қызметтер мен зертханалық зерттеулерді көрсетуге арналған жария шарт (бұдан әрі – «Шарт») https://kazmedclinic.kz сайтында орналастырылған жария шарт болып табылады және кері қайтарып алынбайтын Оферта ұсынысы болып табылады. Осы Шарттың талаптары барлық Пациенттер үшін бірыңғай болып табылады:
Жарғының негізінде әрекет ететін Директор Б.С. Мусиннің атынан «ҚазМед» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, БСН 060640012550, Мемлекеттік медициналық лицензия №15002790, 11.02.2015 жылы берілген, сондай-ақ
Жарғының негізінде әрекет ететін Директор Б.С. Мусиннің атынан «Паразитология ҚазМед» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, БСН 190640008836, Мемлекеттік медициналық лицензия №20001615, 28.01.2020 жылы берілген:
бұдан әрі олардың әрқайсысы «Орындаушы» деп аталып, Орындаушыға жүгінген кез келген жеке тұлғамен (бұдан әрі – «Пациент») осы Шартты төменде көрсетілген талаптарда жасасады.

1. ШАРТТЫҢ МӘНІ

1.1. Осы Шарт бойынша Орындаушы белгіленген тәртіппен бекітілген және Қызметтерді көрсеткен сәтте қолданыста болған Орындаушының медициналық қызметтерінің прейскурантына сәйкес ақылы медициналық қызметтерді көрсетеді, ал Пациент оларды алып, ақысын төлейді.

1.2. Нақты Орындаушы іс жүзінде көрсетілетін Қызметтің түрі, медициналық құжаттамада, жолдамада, зерттеу нәтижелерінде, кассалық (фискалдық) чекте және/немесе Қызметті көрсету кезінде ресімделетін өзге де құжаттарда көрсетілген мәліметтер бойынша анықталады. Төлем тиісті Қызметті іс жүзінде көрсететін және өз лицензиясы мен құзыреті шегінде оны көрсеткені үшін жауап беретін Орындаушының пайдасына төленеді.

1.3. Пациенттің мынадай:

  • Қызметтердің ақысын төлеуі;
  • биологиялық материалды алуы;
  • ақпараттандырылған ерікті келісімге қол қоюы;
  • зерттеу нәтижелерін іс жүзінде алуы сияқты әрекеттерінің кез келгені осы жария офертаны толық және сөзсіз қабылдауы деп танылады.

1.4. Осы Шарт белгісіз мерзімге жасалады.

1.5. Осы Шарттың талаптары бойынша Пациент тапсырады, ал Орындаушы ақылы негізде Медициналық қызметтерді көрсетуге, сондай-ақ биологиялық материалды қабылдау және алу бойынша қызметтерді көрсетуге және Пациентпен келісілген биологиялық материалдың зертханалық зерттеулерін орындауға міндеттенеді (бұдан әрі – Қызметтер). Орындаушы орындалған зерттеулердің нәтижелерін Пациентке (немесе оның сенімді тұлғасына) беруге міндеттенеді.

1.6. Зертханалық және өзге де медициналық зерттеулердің нәтижелері диагноз болып табылмайды және клиникалық көрініс, анамнез, өзге де зерттеулердің нәтижелері және Пациенттің ағзасының жеке ерекшеліктерін ескере отырып, тек емдеуші дәрігер ғана оларға баға беруі тиіс. Орындаушы зерттеу нәтижелерін Пациенттің өз бетінше интерпретациялағаны үшін, сондай-ақ өз бетімен емделу, өз бетінше диагностика қою немесе дәрігерге жүгінуден бас тарту салдары үшін жауапкершілік атқарады.

1.7. Пациент Қызметтердің ақысын осы Шартта көзделген тәртіппен және талаптарда төлеу міндеттемесін өз еркімен өз мойнына алады.

1.8. Пациент осы Шартты орындау мақсатында дербес деректерді жинауға, сақтауға, өңдеуге және үшінші тұлғаларға, оның ішінде медициналық ақпараттық жүйелерге, серіктес зертханаларға, курьерлік қызметтерге, сақтандыру ұйымдарына, мемлекеттік органдарға және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда өзге де ұйымдарға беруге келісім береді.
Осы Шарттың талаптарын қабылдау Пациенттің дербес деректерін (тегі, аты, әкесінің аты, туған күні, тұрғылықты мекенжайы, жынысы, денсаулық жағдайы туралы мәліметтер және т.б.) жинауға, сақтауға, өңдеуге және үшінші тұлғаларға беруге Пациенттің келісімін беруі болып табылады.

1.9. Қызметтердің тізбесі мен түрлері, көлемі, бірлік үшін бағасы және Қызметтердің жалпы құны Пациент пен Орындаушымен медициналық қызметтерге немесе биологиялық материалды зертханалық зерттеуге арналған чек-жолдамада және/немесе Орындаушы беретін бақылау (фискалдық) чегінде келісіледі.

1.10. Осы Шарт бойынша Пациенттерге Қызметтер бекітілген ішкі жұмыс регламентіне сай Орындаушының жұмыс уақытында көрсетіледі.

1.11. Қызметті көрсету үшін Орындаушыға жүгінген сәтте Пациент мыналарды растайды және кепілдік береді:

  • Пациент осы Шартты жасасу үшін толық және дұрыс ақпаратқа ие және емдеуші дәрігердің жолдамасында, чек-жолдамада және/немесе бақылау (фискалдық) чегінде көрсетілген Қызметтерді көрсетуге өз келісімін білдіреді.
  • Пациент биоматериалды алу және қабылдау пункттерінде және www.kazmedclinic.kz сайтында орналастырылған медициналық қызметтерді көрсетуге немесе зертханалық зерттеулерге дайындалудың барлық ережелерін орындайды.
  • Пациент зертханалық зерттеулерді орындау үшін берілетін өз бетінше жиналған биологиялық материал оның биологиялық материалы болып табылатынын және зерттеулерге дайындау ережелерін сақтай отырып жиналғанын растайды.

1.12. Орындаушының үй-жайларында қауіпсіздікті қамтамасыз ету, қызмет көрсету сапасын бақылау, Пациенттер мен қызметкерлердің құқықтарын қорғау, сондай-ақ қызметтерді көрсету жағдайларын тіркеу мақсатында аудио және бейне бақылау жүргізілуі мүмкін.

1.13. Пациент әдеп ережелерін, ішкі ережелерді, санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды, ұйымда болу тәртібін және Орындаушының үй-жайларында немесе ресми сайтында орналастырылған өзге де жергілікті актілерін сақтауға міндеттенеді.

1.14. Пациент осы Шарттың 1.11-тармағының талаптарын бұзған жағдайда, оның ішінде бірақ онымен шектелмей:

  • зерттеулерге дайындау ережелерін бұзғанда;
  • белгіленген рәсімдерді бұза отырып, биологиялық материалды өз бетінше алғанда;
  • биологиялық материалды сақтау, тасымалдау немесе беру шарттарын бұзғанда;
  • денсаулық жағдайы, қабылданатын дәрі-дәрмектер, медициналық араласулар немесе зерттеу нәтижелеріне әсер ете алатын өзге де жағдайлар туралы мәліметтерді жасырғанда,

Орындаушы зерттеу нәтижелерінің дұрыстығы, дәлдігі, сапасы, өзгеруі, бұрмалануы немесе оларды алу мүмкін еместігі, сондай-ақ осындай нәтижелерді пайдаланумен байланысты салдар үшін жауапкершілік атқармайды.
Бұл ретте Қызметтер тиісінше көрсетілген болып есептеледі және Пациент тарапынан толық көлемде төленуі тиіс.

1.15. Зерттеу нәтижелері Пациентке мынадай тәсілдермен берілуі мүмкін:

  • жеке өзіне;
  • сенімхат бойынша өкілге;
  • электрондық пошта арқылы;
  • сайт немесе жеке кабинет арқылы;

Орындаушының өзге де электрондық сервистері арқылы. Пациент өзі көрсеткен байланыс құралдарын және байланыс деректерін пайдалану кезінде үшінші тұлғалардың ақпаратқа қол жеткізу қаупін көтереді.

1.16. Орындаушы Пациенттің құрылғыларының, электрондық поштасының, SIM-карта, мессенджерлерінің немесе өзге байланыс құралдарының бұзылуы салдарынан үшінші тұлғалардың зерттеу нәтижелеріне қол жеткізгені үшін жауапкершілік атқармайды.

1.17. Зертханалық зерттеулердің нәтижелерін Орындаушы Пациентке (немесе оның өкіліне) ол зертханалық зерттеулердің нәтижелерін алғанға дейін Пациентте сақталуға тиіс бақылау (фискалдық) чегі болған кезде ғана береді.

1.18. Пациент Орындаушы SMS, электрондық пошта, мессенджерлер, сайт, мобильді қосымша немесе өзге де электрондық сервистер арқылы жіберген құжаттардың, хабарламалардың, зерттеу нәтижелерінің, келісімдердің заңды күшін мойындайды.

1.19. Пациент зертханалық зерттеулердің нәтижелері ықтималдық сипатта болуы және организмнің биологиялық ерекшеліктеріне, аурудың сатысына, дайындалу ережелерінің сақталуына және басқа да факторларға байланысты болуы мүмкін екендігі туралы хабардар етілген және онымен келіседі. Орындаушы тек бір зерттеудің нәтижелері негізінде диагноз қоюға кепілдік бермейді.

1.20. Зерттеу жүргізілгеннен кейін биологиялық материал Орындаушының ішкі регламенттерінде және Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген мерзімде мен тәртіпте сақталуы және кейіннен жойылуы тиіс.

1.21. Орындаушы зерттеу нәтижелерін, медициналық құжаттаманы, электрондық деректерді және мұрағаттық материалдарды Қазақстан Республикасының заңнамасында және Орындаушының ішкі регламенттерінде көзделген мерзімдерде сақтауға құқылы.

2. ТӨЛЕМ ТӘРТІБІ

2.1. Осы Шарт бойынша Қызметтердің ақысын Пациент Орындаушының прейскурантымен бекітілген бағалар бойынша 100% алдын ала төлем талаптарында қолма-қол ақшамен немесе қолма-қол емес тәсілмен төлейді.

2.2. Қызметтердің бағасын Орындаушы бекіткен және биоматериалды қабылдау және алу пункттерінде және/немесе https://kazmedclinic.kz сайтында орналастырылған.

2.3. Зерттеулерді орындау мерзімдері шамамен болып табылады және зерттеудің технологиялық ерекшеліктеріне, нәтижелерді қосымша тексеру қажеттілігіне, қайта зерттеуге, техникалық себептерге немесе Орындаушыға байланысты емес өзге де жағдайларға байланысты өзгертілуі мүмкін.

2.4. Орындаушы өзіне байланысты емес жағдайларға, оның ішінде бірақ онымен шектелмей: бағдарламалық қамтамасыз етудің, медициналық ақпараттық жүйелердің техникалық ақауларына, байланыстың, интернеттің, электр жабдықтаудың үзілуіне, жабдықтың ақаулығына, үшінші тұлғалардың әрекеттеріне, көлік кідірістеріне, биологиялық материалды жеткізудің кідіруіне, сондай-ақ форс-мажор жағдайларына байланысты қызметтерді көрсету мерзімдерінің бұзылғаны үшін жауапкершілік атқармайды.

2.5. Пациент Қызмет көрсету аяқталмай тұрып, одан бас тартқан жағдайда, Пациент Орындаушыға оның іс жүзінде жұмсаған шығындарын, соның ішінде Пациенттің Қызметтен бас тарту туралы хабарламасын алған сәтте Орындаушы пайдаланған ресурстардың, реагенттердің, шығыс материалдарының ақысын және тағы басқасын төлеуге міндетті, олардың мөлшерін Орындаушы анықтайды. Пациенттің Қызмет көрсетілгеннен кейін Қызметтен бас тартуы қабылданбайды.

2.6. Медициналық қызмет іс жүзінде көрсетілгеннен, биологиялық материал алынғаннан немесе зертханалық зерттеу жүргізу басталғаннан кейін Қызмет тиісінше көрсетілген болып есептеледі және Орындаушының кінәсе дәлелденген жағдайларды қоспағанда, Қызметтің ақысы қайтарылмайды.

2.7. Пациенттің биологиялық материалының зертханалық зерттеулерін жүргізу мүмкін болмаған жағдайда (брактау), оны алу белгіленген рәсімдерді бұза отырып жүзеге асырылған және/немесе Пациент зертханалық зерттеуге дайындалу ережелерін сақтамаған жағдайда, Орындаушы Қызметтер үшін төленген соманы Орындаушы іс жүзінде жұмсаған шығындарын ұстай отырып қайтарады.

2.8. Көрсетілген Қызметтер үшін ақша қаражатын қайтару тек бақылау (фискалдық) чегі болған кезде ғана жүргізіледі.

2.9. Осы Шарт бойынша Қызметтерді көрсетуді растайтын құжат: бақылау (фискалдық) чегі және орындалған жұмыстар туралы шот болып табылады (Қазақстан Республикасының қолданыстағы Салық заңнамасына сәйкес жеке тұлғаларға шот-фактура жазылмайды). Орындалған жұмыстар туралы шоттарды Орындаушы Пациенттің талап етуі бойынша қызметтер көрсетілген күннен бастап 7 (жеті) жұмыс күнінен аспайтын мерзімде береді.

3. ТАРАПТАРДЫҢ ҚҰҚЫҚТАРЫ МЕН МІНДЕТТЕРІ

3.1. Орындаушы :

3.1.1. Осы Шартта көзделген Қызметтерді сапалы және Қазақстан Республикасында денсаулық сақтау саласында белгіленген стандарттарға сәйкес көрсетуге;

3.1.2. Пациентке көрсетілетін Қызметтер және оның құны туралы қажетті ақпаратты ұсынуға;

3.1.3. Дәрігерлік құпияны және медициналық этиканы сақтауға;

3.1.4. Қазақстан Республикасының заңнамасында қолдануға рұқсат етілген зертханалық зерттеу әдістерін ғана пайдалануға міндеттенеді.

3.2. Пациент:

3.2.1. Орындаушыға Орындаушы бекіткен және https://kazmedclinic.kz сайтында орналастырылған нысан бойынша қызметтерді көрсетуге жазбаша ерікті ақпараттандырылған келісім беруге;

3.2.2. Осы шартты жасасу сәтінде қолданыстағы бағалар прейскурантына сәйкес көрсетілетін Қызметтердің құнын төлеуге міндеттенеді. Қолданыстағы бағалар прейскуранты сайтта немесе биоматериалды қабылдау және алу пункттерінде орналастырылған.

3.2.3. Пациенттің жеке басын сәйкестендіру мақсатында Орындаушының талабы бойынша жеке басын куәландыратын құжатты ұсынуға;

3.2.4. Орындаушының Қызметтерді сапалы көрсету мақсатында келесі талаптарды орындауға: зертханалық зерттеулердің нәтижелерінің дұрыстығына әсер ете алатын және/немесе Орындаушының зертханалық зерттеулерді орындауына кедергі келтіретін кез келген жағдайлар туралы Орындаушыны уақытында хабардар етуге (медициналық препараттарды, тамақты, сусындарды қабылдау туралы, ағзаның жеке ерекшеліктері және т.б. туралы ақпарат);

3.2.5. Емдеуші дәрігер, Орындаушының медициналық жұмыскері ұсынған және/немесе Орындаушының сайтында орналастырылған дайындық ережелерінде ұсынылған медициналық қызметтерге және/немесе зертханалық зерттеулерге міндетті дайындықты орындауға міндеттенеді.

3.2.6. https://kazmedclinic.kz сайтында орналастырылған медициналық қызметтерге және/немесе зертханалық зерттеулерге дайындалу ережелерін тиісінше сақтамағанда, сондай-ақ емдеуші дәрігердің немесе Орындаушының медициналық қызметкерінің ұсыныстарын толық және/немесе ішінара орындамаған жағдайда, Пациент көрсетілген жағдайлардың Қызметтерді көрсету сапасына, нәтижелеріне, мерзімдеріне және мүмкіндігіне ықтимал әсері үшін өз бетінше жауапкершілік атқарады.

3.2.7. Орындаушыға залал келтірген жағдайда, Орындаушы шеккен залалдарды өтеуге;

3.2.8. Осы Шарттың аясында Орындаушыға берілген өзінің дербес деректерін (тегі, аты, әкесінің аты, туған күні, тұрғылықты мекенжайы, жынысы, денсаулық жағдайы туралы мәліметтер және т.б.) жинауға, сақтауға және өңдеуге келісімді кері қайтарып алмауға міндеттенеді.

3.3. Орындаушының:

3.3.1. мынадай жағдайларда:

  • Пациенттің медициналық қызметтерді көрсетуге және/немесе зертханалық зерттеулерге дайындалу талаптарын сақтамауы туралы пайымдауға негіздер болған кезде;
  • Пациент алкогольдік, есірткілік немесе уытқұмарлық масаң күйде болғаны айқын болған кезде;
  • Пациент Орындаушының талабы бойынша өзінің жеке басын куәландыратын құжатты ұсынудан бас тартқан кезде;
  • Қызметті қауіпсіз немесе тиісінше көрсетуге кедергі келтіретін анатомиялық және/немесе физиологиялық, медициналық немесе Пациенттің өзге де ерекшеліктері болған кезде;
  • Пациенттің агрессивті мінез-құлық көрсеткенде;
  • Қызметкерлер мен келушілердің өміріне, денсаулығына немесе мүлкіне қауіп төнген кезде;
  • Орындаушының үй-жайында болу ішкі тәртібі мен ережелері бұзылған кезде;
  • Міндетті медициналық құжаттамаға қол қоюдан бас тартқан кезде;
  • Денсаулық жағдайы туралы дұрыс емес ақпарат берген кезде Пациентке Қызметтерді көрсетуден бас тартуға;

3.3.2. Қазақстан Республикасының заң актілеріне сәйкес Пациенттің дербес деректерін (тегі, аты, әкесінің аты, туған күні, тұрғылықты мекенжайы, жынысы, денсаулық жағдайы туралы мәліметтер және т.б.) жинауға, сақтауға және өңдеуге құқығы бар.

3.3.3. Орындаушы мемлекеттік органдардың әрекеттері, шектеу шараларын енгізу, карантин, төтенше жағдай немесе Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының өзге де міндетті нұсқамалары салдарынан қызметтерді көрсетудің мүмкін еместігі немесе кідіруі үшін жауапкершілік атқармайды.

3.3.4. Орындаушыға байланысты емес жағдайларға, оның ішінде форс-мажорлық (заңды тыйым салулар мен табиғи апаттар) жағдайларға, сондай-ақ үшінші тұлғалардың әрекеттері (әрекетсіздігі) салдарынан Қызметтерді мерзімінен бұрын көрсетуге немесе Қызметті көрсету мерзімін ұзартуға;

3.3.5. Орындаушы Пациенттен қоғамдық тәртіпті, санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды, ішкі жұмыс режимін сақтауды, медициналық персоналдың қызметіне араласпауды, басқа пациенттерге қызмет көрсетуге кедергі келтірмеуді талап етуге, сондай-ақ Орындаушының алдын ала келісімінсіз қызметкерлерді, үй-жайларды және Орындаушының жабдықтарын фото және бейне түсіруге тыйым салуға құқылы.

3.3.6. Орындаушы осы Шарттың талаптары мен қызмет көрсету прейскурантын біржақты тәртіппен өзгертуге құқылы. Өзгерістер, егер өзге мерзім қосымша көрсетілмесе, жаңа редакцияны Орындаушының сайтында орналастырған сәттен бастап күшіне енеді.

3.3.7. Орындаушы Пациенттің қосымша келісімінсіз жекелеген зерттеулерді орындау үшін үшінші тұлғаларды, қосалқы мердігерлерді және референс-зертханаларды тартуға құқылы.

3.3.8. Жеке жағдайларда Орындаушы нәтижені растау үшін қайталанатын зерттеу жүргізуді ұсынуға құқылы.

3.4. Пациенттің:

3.4.1. Қызметтерді орындау барысы және алынған нәтижелер туралы жалпыға қолжетімді ақпаратты өзіне қолжетімді нысанда алуға;

3.4.2. Бұрын тапсырылған биологиялық материал бойынша, атап айтқанда вена қаны бойынша, оны тапсырған сәттен бастап күнтізбелік 10 (он) күнге дейінгі мерзімде және осындай зерттеу түрлерін жүргізу мүмкіндігі туралы Орындаушымен алдын ала келіскеннен кейін ғана қосымша зертханалық зерттеу түрлеріне тапсырыс беруге құқығы бар. Қосымша Қызметтер үшін төлемді Пациент Орындаушының қосымша Қызметтерді көрсету мүмкіндігін мақұлдағанынан кейін жүргізуге тиіс.

3.4.3. Талдау нәтижелерін Орындаушының сайтынан немесе сұрау салу бойынша қағаз тасығышта алуға құқығы бар.

4. ТАРАПТАРДЫҢ ЖАУАПКЕРШІЛІГІ

4.1. Тараптардың өз міндеттемелерін орындамауына немесе тиісінше орындамауына байланысты дауларды және келіспеушіліктерді күнтізбелік 30 (отыз) күнге дейінгі мерзімде тараптардың арасындағы келіссөздер арқылы мүмкіндігінше шешеді. Егер тараптар белгіленген мерзімдерде келісімге келмесе, даулар Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасында айқындалған тәртіппен қаралуы тиіс.

4.2. Пациент зертханалық зерттеулерді орындауға дайындалу ережелерінің талаптарын орындамаған жағдайда, сондай-ақ Пациент биологиялық материалды тапсыру сәтінде алкогольдік, есірткілік немесе уытқұмарлық масаң күйде болған жағдайда, Орындаушы зертханалық зерттеулердің нәтижелерінің дұрыстығы үшін жауапкершілік атқармайды.

4.3. Сотқа жүгінгенге дейін Пациент Орындаушыға растайтын құжаттарды қоса бере отырып жазбаша наразылық жіберуге міндетті. Наразылықты қарау мерзімі оны алған күннен бастап күнтізбелік 30 (отыз) күнді құрайды.

4.4. Осы Шарттан туындайтын барлық даулар мен келіспеушіліктер Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен Орындаушының орналасқан жері бойынша сот органдарында қаралуы тиіс.

5. ПАЦИЕНТТІ ХАБАРДАР ЕТУ

5.1. Орындаушы Пациентке емдеуші дәрігердің, Орындаушының медициналық жұмыскерінің ұсыныстарын, медициналық қызметтерге және/немесе зертханалық зерттеулерге дайындау ережелерін, оның ішінде белгіленген режимді, дайындау тәртібін, шектеулерді және өзге де медициналық ұсыныстарды сақтамау көрсетілетін Қызметтердің сапасына, қауіпсіздігіне, дұрыстығына, ақпараттылығына және нәтижелеріне әсер етуі мүмкіндігі, сондай-ақ олардың тиісінше көрсетілуінің, белгіленген мерзімде аяқталуының мүмкін еместігіне немесе зерттеулердің дұрыс емес, жалған оң немесе жалған теріс нәтижелерін алуға әкеп соғуы мүмкін екендігі туралы хабардар етеді.

6. ФОРС-МАЖОР

6.1. Тараптар осы Шарт бойынша міндеттемелерді толық немесе ішінара орындамағаны үшін, егер мұндай орындамау Шарт жасалғаннан кейін пайда болған, Тараптар ақылға қонымды қамқорлық пен сақтық дәрежесімен алдын ала көре алмаған немесе алдын ала алмаған еңсерілмейтін күш жағдайларының салдары болса (бұдан әрі – форс-мажор), жауапкершіліктен босатылады.

6.2. Еңсерілмейтін күш жағдайларына, оның ішінде, бірақ онымен шектелмей: табиғи апаттар (өрттер, су тасқындары, жер сілкіністері); эпидемиялар мен пандемиялар; төтенше немесе соғыс жағдайын енгізу; жаппай тәртіпсіздіктер мен террористік актілер; ереуілдер; мемлекеттік органдардың әрекеттері немесе әрекетсіздігі, оның ішінде міндеттемелерді орындауды шектейтін немесе мүмкін емес ететін нормативтік құқықтық актілерді қабылдау; карантиндік шектеулер; электр жабдықтаудың, су жабдықтаудың, байланыстың және интернет желісіне қол жеткізудің үзілуі немесе тоқтатылуы; бағдарламалық қамтамасыз етудің, медициналық ақпараттық жүйелердің, серверлер мен дерекқорлардың ақаулары; кибершабуылдар және ақпараттық жүйелерге өзге де зиянды әсерлер; жабдықтың ақаулығы; көлік кідірістері мен логистикалық тізбектердің бұзылуы; реагенттерді, шығыс материалдарын немесе медициналық бұйымдарды жеткізу мүмкін еместігі; Тараптардың ақылға қонымды бақылауынан тыс объективті орналасқан өзге де жағдайлар жатады.

6.3. Еңсерілмейтін күш жағдайлары туындаған сәттен бастап осы Шарт бойынша міндеттемелерді орындау мерзімі олардың болған уақытына және олардың салдарларын жою үшін объективті қажетті уақытқа тең мөлшерде ұзартылады.

6.4. Орындаушы Қызметтерді көрсету мерзімдерінің бұзылуы немесе өзгеруі, оларды көрсету мүмкін еместігі, электрондық сервистердің уақытша қолжетімсіздігі, сондай-ақ зерттеу нәтижелерін беруді кешіктіру үшін, егер көрсетілген жағдайлар форс-мажор әрекетінен туындаса, жауапкершілік атқармайды.

6.5. Еңсерілмейтін күш жағдайлары туындаған кезде Орындаушы өзіне қандай да бір жауапкершілік шараларын қолданбай Қызметтерді көрсетуді тоқтата тұруға, олардың мерзімдері мен қабылдау тәртібін өзгертуге, сондай-ақ жекелеген сервистерге қол жеткізуді уақытша шектеуге құқылы.

6.6. Егер еңсерілмейтін күш жағдайларының әрекеті күнтізбелік отыз (30) күннен артық үздіксіз жалғасса және міндеттемелерді орындау объективті түрде мүмкін болмаса, Тараптардың әрқайсысы Шартты одан әрі орындаудан біржақты тәртіппен бас тартуға құқылы. Мұндай жағдайда Орындаушы форс-мажор жағдайы туындағанға дейін жұмсалған құжаттамалық расталған шығындарын шегере отырып, іс жүзінде көрсетілмеген Қызметтер үшін ақша қаражатын қайтарады.

6.7. Ақша қаражатының болмауы немесе жетіспеуі, нарықтық конъюнктураның өзгеруі, реагенттер мен шығыс материалдары құнының өсуі, сондай-ақ валюта бағамының өзгеруі, егер олар өзге форс-мажорлық оқиғаның тікелей және болдырмайтын салдары болмаса, өздігінен еңсерілмейтін күш жағдайлары болып танылмайды.

7. ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР

7.1. Осы Шартта реттелмеген тараптардың өзара іс-қимылы Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес реттеледі.

7.2. Осы Шарт Пациенттің осы Шарттың талаптарын толық және сөзсіз акцепті (қабылдауы) болып табылатын Қызмет ақысы төленген сәттен бастап күшіне енеді және Тараптардың өздеріне қабылдаған міндеттемелерін толық орындағанға дейін қолданылады.

7.3. Осы Шарттың ережелерінің бірінің жарамсыздығы бүкіл Шарттың жарамсыздығына әкеп соқтырмайды.

7.4. Осы Шарт мемлекеттік (қазақ) және орыс тілдерінде жасалған. Шарттың қазақ және орыс тілдеріндегі нұсқалары арасында алшақтықтар, қайшылықтар немесе екіұшты түсіндіру туындаған жағдайда, мемлекеттік (қазақ) тіліндегі мәтін басым күшке ие болады.

whatsapp-phone icon Шақыру whatsapp-phone icon whatsapp whatsapp-phone icon telegram